Қазақ баспа ісі, мектептерге арналған оқулық шығару мәселесі ХІХ ғасырдың екінші жартысында басталды. 1879 жылы Ыбырай Алтынсариннің қазақ мектептеріне арнап, кирилл алфавиті үлгісіндегі «Қазақ хрестоматиясы» оқу құралы басылып шықты. Бұл Қазақстандағы білім беру саласындағы балаларға арналған ең алғашқы оқу басылымдарының бірі болды
1910–1926 жылдары аралығында кітап басу ісіне алаш қайраткерлері араласты. Ұлт зиялыларының қажырлы еңбегінің нәтижесінде, әр сала бойынша қазақ тіліндегі оқулықтар жазылып, мектептерге таратылды. Одан кейінгі 70 жыл бойы Кеңес үкіметі жағдайында Қазақстан өзге одақтас республика іспеттес негізінен орыс тіліндегі оқулықтарды аударумен айналысып, қазақ тілі мен әдебиеті, Қазақ СРО тарихы сияқты пәндер бойынша жекелеген оқулықтарды ғана әзірледі.
Тәуелсіздік тарихында еліміздің барлық мектеп пәндері бойынша төл оқулықтарды әзірлеу тәжірибесі 1996 жылы жанданды. Бұған аталған жылы жалпы бiлiм беретін мектептер үшін оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерін (ОӘК) дайындаудың және басып шығарудың мақсатты бағдарламасының қабылдануы себеп болды. Осы кезде сонау 1910 жылдары бастау алған Алашордалықтардың авторлығымен жарық көрген, 2 млн-нан астам көлемде тираждалған дербес оқу кітаптарын басу ісін қайта жалғадық.
1996 жылы қабылданған бағдарлама мен одан кейінгі саяси шешімдер елімізде оқу кітаптарын басудың ұлттық саласын қалыптастырды. Бұл сала оқулықтануды, мектепке дейінгі және орта білім ұйымдарына арналған оқулықтар мен ОӘК әзірлеуді, сонымен бірге олардың мемлекеттік сараптамасы мен жеткізілуін мониторингтеуді қамтиды. Осы мақсатта 2005 жылы ҚР Үкіметінің 2005 жылғы 29 сәуірдегі № 405 Қаулысына сәйкес Республикалық ғылыми-практикалық «Оқулық» орталығы құрылды. 2021 жылдың 6 мамырында Орталық атауы Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығы болып ауысты. Мекеменің ұйымдық-құқықтық формасы республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорыннан, шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорынға көшті. Бұл өзгерістің стратегиялық мақсаттарды жүзеге асыруда және шаруашылық басқарудағы мүмкіндіктерді кеңейтуде маңызы зор.
2012 жылдан бастап электронды оқулықтар әзірленіп, олар бойынша сараптамалық жұмыс ұйымдастырылды. ҚР БҒМ 2010 жылғы 12 шілдедегі № 325, 2012 жылғы 24 шілдедегі № 371 және № 344 бұйрықтарына сәйкес оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендерді және оқу-әдістемелік құралдарды әзірлеуге, сараптауға, сынақтан өткізуге, мониторингтеуге, басып шығаруға қатысты жұмысты ұйымдастыру қағидалары бекітілді.
Орта білім берудің жаңартылған мазмұнына көшуге байланысты реформа қарастырылды. Осы реформа аясында 2016-2020 жылдар аралығында әр сыныпты дайындау кезең-кезеңімен жүргізіліп, барлық 11-сыныптар үшін оқулықтарды жүйелі әзірлеу және енгізу жұмыстары жүргізілді.
Қызметкерлердің әлеуетін арттыруға қаржылық-құқықтық жағдай жасау және Орталықтың қызмет аясын кеңейту мақсатында «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығы Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығы болып қайта құрылды. (ҚР Үкіметінің № 821 Қаулысы).
2021 жылдың 6 мамыр күні Орталық «Республикалық ғылыми-практикалық білім беру мазмұнын сараптаудың орталығы» болып өзгертілді. Мекеменің ұйымдық-құқықтық нысаны республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорыннан шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорынға өтті. Бұл өзгеріс стратегиялық мақсаттарды жүзеге асыру және экономикалық басқарудағы мүмкіндіктерді кеңейту үшін үлкен маңызға ие.
Дүние жүзі банкінің «Орта білімді жаңғырту» жобасы аясында оқу басылымдарын бағалау критерийлері мен ережелері жаңартылып, сарапшылар асинхронды оқытудан өтті (2000-нан астам сарапшылар сертификат алды).
Кәсіподақ комитеті мен Орталықтың жұмысындағы маңызды кезеңдердің бірі болып, Астана қаласы әкімдігінің еңбек қатынастарын бақылау басқармасында 2022 жылғы 8 тамызда тіркелген БМСО бірінші Ұжымдық шартқа қол қойды.
2023 жылдың наурыз айында Қазақстанда үлгілік оқу бағдарламаларының алғашқы сараптамасы өтті. Сараптамаға ұсынылған оқу бағдарламаларын 500-ден астам тәжірибелі де білікті ғалымдар, мектеп мұғалімдері мен әдіскерлер жан-жақты қарап, тексерді. Бұл жұмысты жүргізуге үлгілік оқу жоспарлары мен бағдарламаларына сараптама жүргізу ережелерін бекіту, қолданыстағы үлгілік оқу жоспарларын жетілдіру қажеттілігі негіз болды.